Қала сыртындағы заңсыз қоқыс орындары тазартылды
Қалада «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала сыртындағы заңсыз қоқыс орындарын тазартуға 100-ден астам студент пен ерікті жұмылдырылды. Наурыздың 28-інен басталған тазалық шарасына осы уақытқа дейін 10 мыңға жуық адам қатысқан. Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, нәтижесінде қала аумағынан 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Қала сыртында қоқысты заңсыз төгу деректері әлі де кездеседі. «Ғарыш сапары» геопорталы арқылы 74 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 48-і жойылған. Әкімдік бұл бағытта тек тазалау жұмыстарын ғана емес, құқықтық шараларды да күшейткен. Соңғы уақытта 1000-нан астам адамға әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынған. Қала әкімі тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырды. Шаһар басшысының айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру - ортақ міндет. Шараға еріктілер, белсенді студенттер жаппай қатысуда. Солардың ішінде Ақтөбе Сервис колледжінің студенттері, Автожол колледжінен, Болашақ колледжінен, ALT Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері тазалық жұмыстарына атсалысып жатыр. Сонымен қатар Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Жоғары колледжі студенттері де өз үлестерін қосуда. Жалпы, мұндай тазалық шаралары қаланың келбетін жақсартып, тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Мамандар ортақ іске атсалысу - таза әрі жайлы қала қалыптастырудың басты кепілі.Количество показов: 21
Дата создания: 18.04.2026 00:25:25



















