Аймақта көлік саны артқан
Аймақта соңғы үш жылда автокөліктер саны айтарлықтай артқан. Бүгінде өңірде 236 мыңнан астам көлік тіркелген. Сонымен қатар, есепке алынбаған 10 мыңнан астам шетелдік көлік бар. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылы жол-көлік оқиғалары 16,7 пайызға азайып, жарақат алғандар саны да төмендеген. Алайда қаза тапқандар саны 31,6 пайызға өскен. Жол апаттарының 77 пайызы облыс орталығына тиесілі. Ал республикалық маңызы бар тасжолдарда апаттар саны азайғанымен, адам шығыны артқан. Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғалары көбіне күндізгі уақытта, әсіресе қарбалас сағаттарда жиілейді. Апаттардың негізгі түрі - көліктердің соқтығысуы мен жаяу жүргіншілерді қағу. Қала ішінде ең қауіпті учаскелер қатарында Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова және Сәнкібай батыр даңғылдары бар. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдар қатарындағы Ақтөбе-Қызылорда бағыты бойынша 3 мың автокөлікке арналған тасжолда 16 мың көлік жүреді. Бұл жағдай темір тұлпар иелерінен сақтықты талап етеді. Ал, жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол апаттары азайған. Дегенмен, мамандарды мопед пен электросамокат тізгіндеген балалардың жол ережесін сақтамауы алаңдатады. Полиция өкілдері бұл бағытта тек бақылау жеткіліксіз дейді. Ата-аналардың жауапкершілігін күшейту маңызды. Жалпы, жыл басынан бері 139 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталған. Қауіпсіздікті арттыру үшін рейдтер, дрон арқылы бақылау және мобильді кешендер қолданылып жатыр.Количество показов: 5
Дата создания: 22.04.2026 03:38:58



















