Биыл өңірде 175 442 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі
Былтыр агроөнеркәсіп кешені саласын субсидиялауға бюджеттен 17 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал биыл бұл мақсатқа 16,3 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен қоғамдық кеңесте айтылды. Биылғы қаржы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды және инвестициялық субсидияны қамтиды. Мал шаруашылығына - 4 млрд.теңгеден астам, өсімдік шаруашылығына - 2 млрд.теңгеден көп сома бөлінген. Осы жылы 175 442 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Қазіргі таңда 100 га жерге бидай, 400 га алаңға сұлы дәні себілген. Егін егу жұмыстары жалғасуда. Биыл 13 400 тонна минералды тынайтқыш енгізілуі керек. Қазір оның 371,8 тоннасын сатып алуға 2 келісімшарт жасалған. Президент 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, мамандар биылғы жоспарларымен де бөлісті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін 96 млрд теңгеге, элиталық тұқым үлесін 7,4% жеткізу жоспарланған. Одан бөлек, ірі қара мал басын 661 мың, ұсақ мал басын 1 358 млн. басқа арттыру, ет және сүт өңдеу үлестерінің әрқайсысын 42%-ға, майлы дақылдарды өңдеуді 100%-ға жеткізу көзделген. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 2025 жылы 78,3 млрд. теңгені құрады, ал 2026 жылдың бүгінгі күніне дейін 4,6 млрд. теңгеге инвестиция тартылып отыр. Былтыр 13 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын 8 жоба іске асырылды. Ірі жобалардың бірі - "АЙС" серіктестігінің сүт-тауар фермасын 800 бас ірі қараға кеңейту. Нәтижесінде сүт өндіру көлемі 10 мың тоннаға артады деп күтілуде.Количество показов: 5
Дата создания: 23.04.2026 06:41:51



















