Домбыра күніне орай қаламыздың кітапханасында шара өтті
Қазақ халқының ұлттық аспабы домбыра 4 ғасыр бұрын энеолит дәуірінде табылған. Археологиялық қазбалар нәтижесінде ұлттық мұрамыздың тағы бір құндылығы сақталып, атадан балаға жалғасып келеді. Ал өткен ғасырда Әміре Қашаубаев қазақтың ән өнерін Еуропаға танытып, ұлттық мәдениеттің абыройын асқақтатқандардың бірі болды. Ұлттық домбыра күніне орай С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада "Домбыра - асыл мұра" атты ашық әңгіме кеші ұйымдастырылды. Кездесу қонағы - жыршы, "ҚР мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Ер Едіге» жыр мектебінің көркемдік жетекшісі Әділбек Сарин болды. Ол өзінің өнер жолындағы қызықты естеліктерімен, домбыраның құдіреті мен құндылығы туралы ой бөлісті. Балалық шағында-ақ домбыраға қызығушылығы ашылыпты. Себебі әкесі термеші болыпты. Әкесінің терме орындап, күй тартқанын көріп өскен ұстаз қазір де шығармашылығын балалардың бойына дарытып келеді. Бүгінгі кездесуде Қазанғаптың күйін орындап отырған әкесі туралы қызықты естеліктерін айтты. Шараның басты мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру. "Ер Едіге" жыр мектебінің оқушылары өнерлерін ортаға салып, тәнті етті. Одан бөлек басқа да күйші оқушылар күй орындап, шығармашыл жастардың қалыптасып келе жатқанына көз жеткізді. "Ер Едіге" жыр мектебінің оқушысының бірі - Жұлдыз Қадірхан. Ол бала кезінен домбыраға қызығып, 6 жасынан асыл аспапты шертіп бастайды. Ал домбыраға икемі бар екенін апасы аңғарып, осы өнерге баули бастайды. Кейін Байғанин ауданында домбыра сабағынан білім алып, жетілдіреді. Ол болашақта дәстүрлі әнді насихаттайтын, өз саласының үздігі болғысы келетінін айтады. Шара барысында домбыраның шығу тарихы жайлы бейнероликтер көрсетіліп, ақындардың домбыраға арналған жырлары оқылды. Сонымен қатар "Домбыра - қазағымның қазынасы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық аспаптың тарихы, жасалу ерекшелігі және күй өнерінің көрнекті өкілдеріне арналған еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.Количество показов: 11
Дата создания: 03.07.2026 07:36:53



















