Инвесторларға жеңілдіктер көп
«Арнайы экономикалық аймақ - бизнесті дамытудың құралы» тақырыбында өткен бизнес-кездесуге мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қатысты. Бизнес-кездесу Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды. «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық мүмкіндіктері, жобаларды орналастыру шарттары, салықтық және кедендік преференциялар, сондай-ақ инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктері таныстырылды. Шара инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті төмендетуді көздейді. «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймақ - өңірдегі негізгі инвестициялық алаңдардың бірі. Бизнесті жүргізу мен инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар ұсынады. Аймақ шаһардағы оңтүстік айналма жолдың бойында орналасқан. Жалпы аумағы 858 гектарды алып жатыр. Оның 571 гектары өндірістік және логистикалық нысандарды орналастыруға арналған өнеркәсіптік аймақ болса, 287 гектарында Ә. Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай орналасқан. Қатысушыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Олар кедендік төлемдерден, импорт кезінде корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босатылады. Сонымен қатар, жер учаскелері өтеусіз негізде беріледі, дайын инженерлік инфоқұрылыммен қамтамасыз етіледі. Әкімшілік рәсімдер жеңілдетілген. Жеңілдіктерді қолдану мерзімі 2049 жылға дейін белгіленген. Қазіргі заманғы өндірістерді құруға, инновациялық технологияларды енгізуге және отандық әрі халықаралық жетекші компанияларды тартуға басымдық беріледі, дейді мамандар. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары ретінде экономиканың түрлі секторларында қызмет ететін жергілікті және шетелдік инвесторлар тартылады. Арнайы экономикалық аймақ аясында көлік-логистикалық және өнеркәсіптік бағыттар бойынша 29 негізгі сала қамтылған. Жобаның іске асырылу нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, отандық тауарлардың бәскеге қабілеттілігі артады, дейді Азат Асанов.Количество показов: 9
Дата создания: 17.02.2026 05:53:15



















