Көктайғақтан зардап шеккендер саны азайған
Ақтөбеде өткен айларға қарағанда ақпанда көктайғақтан зардап шеккендердің саны бірнеше есе азайған. №1 қалалық көпсалалы аурухана дәрігерлерінің сөзінше, ақпанның 9-ы мен 11-і аралығында жедел жәрдем қызметіне барлығы 189 адам жүгінген. Оның ішінде 37 адам көк мұзға тайып құлаған. Төрт адам ауруханаға жатқызылыпты. Ең жиі кездесетін жарақаттардың қатарына аяқ-қолдардың сынуы, көгеру және бас миының жарақаттары жатады. Ал, тұрғындар шаһардағы жаяулар жолына инертті материалдар дұрыс себілмейді дейді. Облыс орталығында қар тазалау жұмыстары мен жаяулар жолының жағдайын комуналшылар үздіксіз бақылап отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, аурухана және қоғамдық көлік аялдамалары секілді әлеуметтік нысандар басты назарға алынады. Ал, ауа райын болжаушылар алдағы демалыс күндері күн жылынады деп ескертті. Демек, күндіз еріген қар мен мұз түнде қайта қатуы мүмкін. Сондықтан алдағы күндері аса сақ болған жөн.Количество показов: 12
Дата создания: 13.02.2026 05:39:10



















